Қазақстандағы 1930 – 1950 жылдардағы жаппай қуғын – сүргін.

Өткен ХХ ғасырдың 1930 – 1950 жылдардағы жаппай саяси қуғын-сүргін ел тарихындағы аса қайғылы кезеңдердің бірі болды. Бұл уақыт туралы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халықтары Ассамблеясының ІҮ сессиясында сөйлеген сөзінде: «Тоталитаризм күйретпеген және, өкінішке орай, орыны толмайтын зардаптарға ұшыратпаған бірде-бір ұлт, бірде-бір халық жоқ», - деп атап өткен еді.

ХХ ғасырдың 30-шы жылдарының соңына қарай бұрынғы Кеңес Одағының тоталитарлық жүйесі халықты күштеп ұжымдастыру, «кулактар» мен байлардың көзін жою, қолдан ұйымдастырылған ашаршылық, халық дүрлігулерін аяусыз жаншып-басу, халықтарды еркінен тыс жер аудару, «еңбекпен түзеу» лагерлерін ұйымдастыру, зиялы қауымның көрнекті өкілдерін құртып жіберу сияқты адамзатқа қарсы жасаған қатыгез қылмыстары бойынша мол тәжірибе жинақтады.

Кеңестік билік жергілікті тұрғындардың ұлттық ерекшеліктері мен мүдделерін қорғаушыларға, ұлттық автономия құру идеясын қолдаушыларға «тап жаулары», «ұлтшылдар», «жат пікірдегілер», «әлеуметтік қауіпті элементтер» деген жала жауып, халықтың да оларға деген теріс көзқарастарын қалыптастыруға жағдай жасады. Халықтың қамын жеген ұлт қайраткерлерінен сескенген тоталитарлық билік өкілдері тығырықтан шығар жолды іздеді. 1925 жылы қыркүйекте Қазақстанға басшылық қызметке Ф.И.Голощекиннің келуі елде орын алып отырған жағдайды одан бетер ушықтырды. Ол Қазақстанды кеңестік өзгерістерден тыс қалған деп санап, онда «Кіші Қазан» төңкерісін жүргізу саясатын ұстанды. Оның жүргізген саясаты ұлт зиялыларын жаппай қуғындауға ұласты. Голощекин өзіне қарсы шыққандарды қызметтерінен алып, республикадан қуды, олардың көзін жоюды қолға алды.

Саяси қуғын-сүргін Қазақстанда 1928 жылдың ортасынан Алаш қозғалысына қатысқан қайраткерлерді тұтқындаудан басталды. Оларға «буржуазияшыл-ұлтшыл» деген айып тағылды. Олар әртүрлі мерзімге түрмеге қамалды, ату жазасына кесілді, еріксіз жер аударылды. Ұлт қайраткерлеріне негізінен КСРО-ны құлату үшін жасырын контрреволюциялық ұйымдар құрды деген заңсыз жала жабылды. Сонымен қатар молдалар мен діндарларды «басқаша, бөтен ойлайтындар» деп айыптады.

Қазақстанға төнген саяси қуғын-сүргін құйыны әрбір дерлік отбасын жайпап өтіп, ел азаматтарының небір тамаша өкілдерін баудай түсірді. Жалған айыптаулар мен кейде адам сенгісіз, сандыраққа ұқсас жала жабулардың жаппай өріс алуы еріксіз таң қалдырады. Қазақ халқының көптеген аса дарынды және парасатты ұлдары «контрреволюциялық қастандық жасаушы», «террористік әрекеттерді ұйымдастырушы», «Жапонияның тыңшысы», т.б. ойдан шығарылған өтірік айыптаулардың құрбаны болды. Оларға ресми түрде рұқсат етілген азаптау тәсілдерін қолданып, «қылмыстарын» мойындатпақ болды. Бүкіл елдің алдында оларды «халық жауы» деп қаралап, балаларын ата-анасынан, әйелдерін – жұбайларынан айыруға әрекеттер жасалды. ХХ ғасырдың 30-шы – 40-шы жылдарындағы жаппай қуғын-сүргіннен алғашқы болып зардап шеккен өз еліне адал қызмет етіп келген қазақ зиялы қауымы еді. Замандастары мен зерттеушілер оларды өте дарынды және парасатты тұлғалар деп сипаттайды. Көпшілігіне асқан білімдарлық пен ішкі мәдениет, бойларына туа біткен еркін ойшылдық пен терең отансүйгіштік сезім тән болды. Сталиннің жеке басына табыну саясатының нығаюы билік басындағыларға қарсы келер барлық дерлік беделді көшбасшыларын құртуға жол ашқан кезеңде көптеген қоғам қайраткерлері, «Алаш» партиясының мүшелері қатаң жазаға тартылды. 1928 жылы жалған айыптар тағылған 44 «буржуазиялық ұлтшылдар» - бұрынғы Алашорда қайраткерлері қамауға алынды. 1930 жылы 40 адамға жуық зиялы қауымның тағы бір тобы қуғын-сүргінге ұшырады. Зиялы қауымды қасіретке ұшыратқан тоталитарлық жүйенің Алаш азаматтарына жасаған қысымына Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Тынышбаев, М.Шоқай, Ж.Ақбаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, И.Әлімбеков, Х.Ғаббасов, Е.Қасаболатов, Ә.Ермеков, Х.Болғанбаев, Х.Досмұханбетов және басқа да кеңес платформасын қабылдағанымен, үкімет құрығынан құтыла алмаған көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар ұшырады.

1937-38 жылдары саяси қудалаулар жаппай өріс алды. Көптеген қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері, ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері ұсталып, өлім жазасына кесілді. Қазақтың ұлттық интеллигенциясын кеңес үкіметінің жауы деп жариялаған бұрынғы КСРО-да адамдардың санасына зиялы қауым өкілдерін еңбекші халықты қанаумен келген қараниетті байлар мен манаптардың ұрпағы деген ұғым сіңіріліп бақты. Оларға «Қазақстанды бөліп әкетуге әрекеттенушілер», «ауыл шаруашылығы дағдарысының себепкері», «20-шы – 30-шы жылдардағы көтерілістерге байланысы бар», «Жапонияның тыңшысы», деген сандыраққа ұқсас айыптар тағылған болатын. Қарағандыда және бірнеше аудандарда «жауларды әшкерелеген» ашық соттар өткізілді. Тарихқа «Қарағанды ісі»деген атпен кірген Кеңес өкіметінің ұйымдастырған ашық сот процесі Қазақстан К(б)П ОК бюросының 1937 ж. 10 қыркүйектегі каулысы негізінде қараша айында Қарағанды қаласында өткізілді. Газеттерде жарияланған «Айыптау қорытындысында» Абдолла Асылбековке (Қарағанды облаткомының бұрынғы төрағасы), Нұрғали Нұрсейітовке (Қазақстан К(б)П Қарағанды обкомының бұрынғы екінші хатшысы) және Мансұр Ғатаулинге (Қаз К(б)П Қарқаралы округкомының бұрынғы екінші хатшысы) 1934 ж. жаңадан ұйымдастырылған Қарқаралы округінде зиянкестік әрекет істеген қонтрреволюциялық ұлтшыл ұйым құрды деген айып тағылды. Ұйымды Мәскеуде Т. Рысқұлов, Н. Нұрмақов, С. Қожанов, Алматыда С. Сейфуллин, Ұ. Құлымбетов, Ж. Сәдуақасов жетекшілік еткен кеңеске карсы орталықтар басқарды делінді. Айыптаушылардың тұжырымдауынша ұйымның негізгі мақсаты — Қазақстанда Кеңес өкіметін құлату, КСРО құрамынан шығарып, буржуазиялық мемлекет құру болған. Тергеу үстінде айыпталушылардың Ж. Сұлтанбеков, 3. Төреғожин, Ә. Мақатов, Н. Байсалықов (Қоңырат аупорткомының хатшысы), Тоқтаров (Шет аупарткомының хатшысы), Мұхаметшин, Бірмұхамбетов т. б. қайраткерлермен байланыс жасағандығы «анықталып», есімдері аталғандар қамауға алынды. Жасанды айыптар бойынша КСРО Қылмыстық Қодексінің 58-бабының 2, 7, 10 және 11-тармақтары негізінде А. Асылбеков, Н. Нұрсейітов, М. Ғатаулин және ұйым мүшелері делініп, жауапқа тартылған партия-кеңес қызметкерлері Ә. Ізбасаров, М. Ордабаев, П. Шамсудинов ату жазасына кесілді, Ж. Баймолдин (кеңес-партия мектебінің директоры) 15 жылға бас бостандығынан айрылды. Қарағанды ісі бойынша сотталғандар 1957 ж. ғана ресми ақталды.

 Сталиндік қатал тәртіптің ұйымдастырып, жүзеге асырған, жазықсыз жандарды қырып-жойған саяси зорлық-зомбылығының шырқау шыңы деп аталған 1937-1938 жылдарды атауға болады. Бұл жылдары жаппай тұтқындаулар мен өлім жазасына кесулер, рухани еркіндіктің көріністерімен және пікірі бөлектермен тұрақты түрде күрес жүргізіп отыру кеңес тәртібінің ажырамас бөлігіне айналды. Мемлекеттің бұл саясатын жүзеге асырудың бірден-бір құралы – билік басындағы коммунистік партияға тәуелді прокуратура мен сот органдарынан басқа арнайы жазалау органдары болды. Олардың қатарына ең бірінші кезекте көлемі кеңейе түскен зорлық-зомбылықтың қасіретті көрінісі – Гулаг жүйесіндегі Қарлаг сияқты кеңестік лагерлер мен түрмелерді жатқызуға болады. Қарлаг қапасында 1 миллиондай адам азап шегіп, тек қана 1930 – 1943 жылдар аралығында 3026 адам ату жазасына кесілген. Олардың ішінде 588 қазақ фамилиялары ұшырасады.

Кеңес үкіметінің 30 – 50 жылдарындағы репрессиялық саясаты елімізді мекендеген барлық ұлттар мен этникалық топтарды, миллиондаған адамдарды қамтыды. Елбасының «Алжир» тұтқындарына арналған музейдің ашылуында сөйлегеніндей, кеңестік жүйе 40 миллиондай адамды қуғын – сүргінге ұшыратып, бір ғана 58 бап бойынша 3,5 миллиондай адамды айыптаған. Бір миллион үш жүз мыңдай адамды туып-өскен жерлерінен қуып - шығып, Қазақстанға жер аударған. Оларға бір шамадан ғана немесе түйіншек алуға ғана рұқсат етіп, мал қамайтын вагондарға тиеп, апталап жүрген соң қазақ жеріндегі елсіз далаға жеткізіп, түсіріп тастауды тәжірибеге енгізген. Жол үстінде суыққа шалынып, немесе инфекциялық аурулардан қайтыс болғандардың, әсіресе өлген балалардың саны өте көп болған. Күнкөріс қамымен жеркепе қазып, шатыр тігіп қоныстанғандардың ішінде де адам шығыны көп орын алған. Саяси себептермен жер аударылғандардың алғашқы легі Украинадан жер аударылған поляктар мен Украина, Белорусия, Прибалтикада тұрып жатқан немістер болатын. 1937 жылы Қиыр Шығыстан кәрістер, 1941 жылы Еділ бойындағы немістердің автономиялық республикасының тұрғындары, 1943-44 жылдары Кавказ халықтары жер аударылды. Жалпы алғанда 441713 немістер, 102 мың кәрістер, 90 мыңдай шешендер мен ингуштар, 81495 литвалықтар, 75 мың поляктар, 53 мың украиндықтар, 45529 қарашайлықтар, 31 мың белорустар, 28 мыңға таяу балқарлар, 21150 түріктер, 6 мың ирандықтар, 4500 Қырым татарлары, 2268 қалмақтар Қазақстанға жер аударылып, олардың еләуір бөлігі Қарағанды облысын қоныстап қалды.

Тоталитарлық саясаттың салдарынан мыңдаған отбасылардың шаңырағы шайқалып, әйелдері жесір, балалары жетім қалды. Әкелері ұсталып, шешелері лагерлерге жіберілді, ал ұрпақтары балалар үйіне орналастырылды. «Халық жауының» баласы атанудың азаптары мен қиындықтарын көрген ағаларымыз әлі де бар. «Халық жауларымен» күрес көп жағдайда «шоуға» айналдырылып, сот процесстерінің нәтижелері мекемелер мен ұжымдарда қызу талқыланып, айыпталғандарға қарғыс айтқызумен аяқталатын болған. Сонымен қатар, әрбір ресаубликада, облыс пен аудандарда соттауға немесе атуға жататын адамдардың саны жоғарыдан белгіленіп, қадағаланып отырған. Зұлмат заманның тар шеңберінде күнделікті аңдумен қуғын астында жігері жаншылып, рухани тұншықтырылған тұрғындардың арасында «бірін-бірі» көрсету, жала жабу жағдаяты өріс алған. Қаралау тізіміне кіргізіп жібере ме деп қорыққандар күдікті адамдарын олардан бұрын көрсетіп жіберуі фактілері де орын алған.     

Кеңес үкіметінің репрессиялық саясаты Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдары да жалғасын тапты. 1946 жылы «Звезда» және «Ленинград» журналдары қатты сынға алынғаннан кейінгі Ресейде басталған интеллигенция өкілдерін қудалау науқаны Қазақстанды да айналып өтпеді.

Тарих пен әдебиетке, мәдениет пен өнерге жасалған идеологиялық қысым тұсында өмір сүрген қазақ зиялылары бұл жылдары әрбір адымын аңдап басуға мәжбүр болды. Өйткені, 37-ші жылғы зобалаң былай тұрсын, 50-ші жылдары басталған репрессияның екінші толқыны еліміздің небір аяулы азаматтарын омақаса құлатты. Ғылыми және әдеби интеллигенцияның ауызына құм құйылды. М.Әуезов, Ғ.Мұстафин, Ғ.Мүсірепов, С.Аманжолов, Е.Ысмаилов, Қ.Жұмалиев, Б.Сүлейменов, М.Балақаев, А.Жұбанов, Е.Бекмаханов, Ә.Қоңыратбаев, Т.Нұртазин, Қ.Сәтпаев, Ә.Марғұлан, т.б. ондаған дарынды зиялы қауым өкілдері «ұлтшыл», «түркішіл», «ұлы орыс халқының маңызын төмендетушілер» ретінде сынға алынып, аяусыз талқыға түсті, қызметтен қуылды немесе сотталды. Шығармаларын оқуға тиым салынды. М.Әуезов университеттен шығарылып, Қ.Сәтбаев орнынан алынып, екеуі де Ресейге кетіп аман қалды. Кенесары көтерілісін «ұлт-азаттық қозғалысы» екенін дәлелдеп, монография жазған тарихшы Е.Бекмаханов 1952 жылы 25 жылға сотталды. Осыншама мерзімге белгілі абайтанушы, жазушы, драматург Қайым Мұхаметханов кесілді. 1953 жылы әдебиет тарихын зерттеудегі «жіберген қателіктері» үшін Қ.Жұмалиев сотталды. Тарихшылар өткен оқиғаларды «ұлы орыс халқының» мүддесі тұрғысынан ғана бағалауға тиіс болды. Шынайы қазақ тарихының негізін қалаған ғалымдар С.Асфендиаров пен М.Тынышпаев 1937 жылы, Е.Бекмаханов пен Б.Сүлейменов 1952 жылы репрессияға ұшырағаннан кейін аман қалған тарихшылар көп жағдайда тарихты бұрмалап, «компартия нұсқаған жолмен ғана» жүруге мәжбүр болды.

Құрметті зиялы қауым!


Қазақ даласына құйындай тиген қуғын – сүргін жойқыны халықтың барлық топтарын жайпап өткені бұл күндері тарих қойнауына кірді. Біздің ойымызша, қолдан ұйымдастырылған сталиндік қасірет жүйесінің тарихын зерттеудің саяси және өнегелі маңызы зор. Өйткені, біздің өткенді ұмытуға ешбір құқымыз жоқ. Қазіргі тірі жандардың адал борышы мен айқын міндеті – тоталитарлық тәртіптің езгісінде болған аға буын әкелерімізден өзге барлық отандастарымыздың, әсіресе өскелең ұрпақтың сол бір жылдардың қыспағын дұрыс түсініп, өткен қателіктерді қайталамау үшін зердесіне сіңіре білуі керек деп есептейміз.


Ібірахым Ісләмов,

Долинка кентіндегі саяси қуғын – сүргін құрбандарын

есте сақтау музейінің басшысының орынбасары.



Сұрақтарыңыз бар ма? Бізбен хабарласыңыз: