Долинка кентіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау музейі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2001 жылғы тапсырмасына сәйкес құрылды. 2001 жылдан 2011 жылға дейін музей ІІХК Карлагының жалдамалы қызметкерлеріне арналған бұрынғы емхананың ғимаратында орналасқан. Қазіргі уақытта музей 1933-1935 жылдары сан мыңдаған тұтқындардың күшімен салынған бұрынғы Карлаг басқармасының ғимаратында орналасқан. Ғимараттың жалпы ауданы - 3326,6 шаршы метр.
Келушілердің назарына екі қабатта орналасқан 20 экспозициялық зал ұсынылған: «Қазақстандағы аштық», «Карлагтың қалыптасу тарихы», «Карлагтың шаруашылық қызметі», «Әйелдер мен балалар», «Халықтарды депортациялау» және т. б. Музейдің тұрақты экспозициясында саяси қуғын - сүргін тарихы бойынша архивтік материалдар, хаттар, фотосуреттер, Карлаг тұтқындарының жеке істері, сондай-ақ экспедициялық олжалар - карлагшылардың еңбек құралдары мен тұрмыс заттары ұсынылған. Жинаққа лагерь тұтқындарының қолымен жасалған өнер туындылары кіреді.
Музейдің жертөлесінде тергеу изоляторының инсталляциясы орналасқан: карцер, ерлер мен әйелдер камералары, тергеушінің жұмыс бөлмесі, азаптау камерасы және т.б. мұнда тұтқындарды ұстау, жауап алу және жеке істерді рәсімдеу жағдайлары көрсетілген. Тергеу изоляторының инсталляциясы тұтқындардың, бақылаушылардың, тергеушілердің балауыз фигураларымен толықтырылған.
Музей ғылыми-ағартушылық қызметпен айналысады. Саяси қуғын-сүргін тарихын зерделеу бойынша ғылыми-зерттеу орталығы жұмыс істейді, онда қазақстандық ғалымдардың жұмыстары ұсынылған. Ғылыми қызметкерлер Республика архивтеріндегі қуғын-сүргін тарихы бойынша материалдарды зерттейді.
Музей қызметкерлері Карлагтың бұрынғы тұтқындарымен, қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпақтарымен кездесулер сияқты іс-шаралар ұйымдастырады. Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні митингілер, конференциялар, «дөңгелек үстелдер», семинарлар, оқушылармен және студенттермен практикалық сабақтар өткізіледі. Халықаралық музейлер күніне арналған «Музейдегі түн» акциясы көптеген келушілерді жинайды. Бұл күні, 18 мамырда, түнде театрландырылған элементтері бар экскурсиялар өтеді. Көрме залдарында Карлаг тұтқындарының өмірінен көріністер «өмірге келеді». Жыл бойы музей қорлары мен жеке коллекциялардан экспонаттар қойылған уақытша көрмелер өтеді.
Музей қорында 15000 жуық экспонат бар, олардың 6000 мыңнан астамы шынайы көне заттар. Музейдің негізгі қорын құрайтын жеткілікті бай және алуан түрлі материалдар жиналды. Фотосуреттер мен құжаттар музей экспозициялары мен қорларында ерекше орын алады, өйткені олар еңбекпен түзеу лагерлерінің бар екендігінің бұлтартпас дәлелі болып табылады, олар бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде. 1934 жылғы «Путевка» газетінің және 1935 жылғы «GanaGol» газетінің қазақ тіліндегі латын әріптерімен жинақтары, сондай-ақ тұтқынның күнделігі бірегей болып табылады. Кеңес басшыларының жалаулары, плакаттары, бюсттері және басқа да кеңестік атрибуттар музей қызметкерлерімен жылдар бойы жиналды және қазір негізгі коллекцияларды ұсынады. Сонымен қатар, қорларда депортацияланған суретшілер П.И.Реченский, Л.П.Андреюк және Л.Э.Гамбургерлердің сирек кездесетін туындылары, 1920-30 жылдардағы қазақ халқының тұрмыстық заттары, бұрынғы тұтқындардың қолымен жасалған рушниктер мен кестелер, сол кездегі музыкалық аспаптар, Жөндеу - механикалық зауытта тұтқындар жасаған заттар, депортацияланған халықтардың жеке заттары және басқа да көптеген бірегей экспонаттар бар.
Жыл сайын қазақстандықтардың да, жақын және алыс шетелдерден келушілердің де саны артып келеді.